Өлең...

НЕДЕН ҚОРҚАМ?

Аждаhа алты басты жаудан қорқам,

Бүлдірген ел арасын даудан қорқам.

Күлімдеп кіріп, ішкі сырыңды алып,

Құрылған аяқ асты аудан қорқам.

Ертеден кешке дейін бір іс етпес,

Жатып іш жалқау – дені саудан қорқам.

Кім көрсе, соған айтқан сырдан қорқам,

Әңгіме сырдың түбі – жырдан қорқам.

Сүзіліп, сопысынып дінді сатқан,

Таңқы мұрт, таспа қара сұрдан қорқам.

Бұлғақтап құр білімсіз, ағымға еріп,

Білгенді еліктеген зырдан қорқам.

Асығыс істей салған істен қорқам,

Қандары тасқан қара күштен қорқам.

Дос болып бірге жүріп қастық етіп,

Тысына қайшы келген іштен қорқам,

Көруге бек әдемі болса-дағы,

Құбылма тез оңатын түстен қорқам.

Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,

Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам.

«Таң туды, мезгіл жетті» деп адасып,

Құрылған қараңғыда заңнан қорқам.

Істері адамдыққа жанаспаған,

Жануар – екі аяқты аңнан қорқам.

Көлеңке елестеген бойдан қорқам,

Түс көріп, өң деп ұққан ойдан қорқам.

Теңгеріп жарлы байды, құрып жұмақ,

Теп-тегіс жұртқа жеткен тойдан қорқам.

«Теңгердім, той жасадым жұрт үшін» деп,

Жер-жерде шалған құрбан қойдан қорқам.

Ұжмақ көктен жерге енбек емес,

Мезгілсіз бір нәрсе де келмек емес.

Өзің ту, ұл тусаң да, қыз тусаң да,

Әкеліп біреу саған бермек емес.

Табиғат заңы, жолы өзіне хас,

Ешкімнің жетегіне жүрмек емес.

Адаспа, андық етпе, адам ұлы,

Көрінген о бір сағым көзіне елес.

Сағымды «су таптым» деп жұрт жинасаң,

Жындыға айтар сөз жоқ құрып кеңес.

Ғұмар Қараш