Дұғалар...

Ауырғанда оқылатын дұғалар

  Расулуллаһ «саллаллаһу алейһи уәсәлләм» Осман бин Әбиластың «радиаллаһу та’ала анһ» көңілін сұрап келді. Ол ауырып жатқан еді. Ауруы ауыр және шаншитын. «Ауырған жерді оң қолыңмен жеті рет уқала! Әр мәртесінде Әузу бииззәтиллаһи уә қудрәтиһи мин шәрри ма-әжиду уә ухазиру деп оқы!» деп бұйырды. Осман былай дейді: Aйтқанындай етіп істедім. Ауруымнан айығып кеттім. (Бостанул-Арифин)

   Айша анамыз айтқан: Бір жері ауырғанында Расулуллаһ алейһиссалам Фәлақ және Нас сүрелерін оқып мүбәрәк уысына (қолына) үрлеп, ауырған жерін сипайтын.

  Көзі көрмейтін бір кісі пайғамбарымызға келіп: «Йа Расулаллаһ! Аллаһу та’алаға дұға ет, көздерім ашылсын» дейді. Пайғамбарымыз: «Жақсылап дәрет ал! Сосын, Йа Раббым, Саған жалынып-жалбарынамын. Сүйікті Пайғамбарың Мұхаммед алейһиссаламды уәсилә етіп (ортаға қойып), Сенен сұраймын. Ей ең сүйікті Пайғамбарым Мұхаммед алейһиссалам! Сені уәсилә (арашы) қылып, Раббыма жалбарынамын. Сен үшін дұғамды қабыл етуін қалаймын. Йа Раббым осы ұлы пайғамбарыңды маған шапағатшы қыл. Оның құрметі үшін дұғамды қабыл ете гөр» деп дұға етуін айтты. Ол кісі дәрет алып осылай дұға етті. Сол мезетте көздері ашылды. (Тирмизи)

    “Фатиха”, “Аят әл-Курси” және “төрт Қул” (Яғни Кәфирун, Ихлас, Фәләқ, Нас) сүрелерін 7-реттен оқып ауру кісінің үстіне үрленетін болса, бүкіл қиыншылықтарға, дерттерге, сиқырға, көз тигенге, жануарлардың тістегеніне, шаққанына жақсы көмектеседі.

   Оқылған Құран кәрімнің және дұғалардың әсер етуі үшін оқып жатқан адамның бұған сенуі керек, науқастың зиянды тағамдар мен күмәнді дәрі-дәрмектен сақтануы керек. Ықыласпен, шын көңілмен тәубе етуі керек. Дұға да дәрі сияқты, Аллаһу та’ала қаласа әсер етеді. Яғни әсерін Аллаһу та’ала беретініне сену керек.

   Пайғамбарымыз үш түрлі ем қолданған. Құран кәрім, дұға оқыған және ғылыммен табылған дәрілерді қабылдаған. Сондықтан дәрігерлерге де қаралу керек. Ол да бір себеп. Аллаһу та‘ала барлық нәрсені себеппен жаратқан. Себептерге жабысуды әмір еткен.