Әдеп-ахлақ...

Хасед (көре алмаушылық)

  Хасед – қызғану, күндеу, көре алмау деген сөз. Яғни Аллаһу та’аланың біреуге берген ниғметін одан кетуін, онда болмауын қалау, басқаның өзінен үстем болуын көре алмау деген сөз. Мәселен жақсы жұмысы немесе үйі, мал-мүлкі, ілімі болса, ол адамнан бұлардың кетуін, онда болмауын, одан кетіп өзіне келуін қалау нағыз көре алмаушылық болады. Одан кетуін қаламай, өзінде де сондай нәрсе болуын қалау хасед (көре алмаушылық) болмайды. Бұған ғыбта (соған ұқсауға тырысу, әуестену) делінеді. Ғыбта ету күнә емес. Керісінше исламның үкімдеріне мойынсұнатын, әмірлерін орындап харамдарынан сақтанатын салих кісіге әуестену уәжіп болады. Яғни сол кісідей болсам деп ойлау жақсы болады.

  Хасед тәкаппарлыққа, ғайбат етуге, сөз тасуға себеп болады. Жақсы, игі істерге он есе сауап беріледі. Хасед бұлардың тоғызын жояды. Хасед ететін адамның дұғасы қабыл болмайды. Хадис шәрифте: «Хаседтен сақтаныңдар! От отынды өртеп жоқ қылатыны секілді хасед те жақсылықтарды жояды» делінген. (Әбу Дауд)

  Хасед ету Аллаһу та’аланың тағдырын өзгертпейді. Кім осылай көре алмаушылыққа берілсе, босқа қамыққан, шаршаған болады. Күнәға батқаны ғана қалады. Ешбір көре алмаушы мұратына жете алмаған. Ешкімнен құрмет көрмеген. Көре алмаушылық жүйкені тоздырады. Өмірдің қысқаруына себеп болады.

  Көре алмаушылықтан, қызғаныштан құтылу үшін жоғарыда айтылған зияндарын білу керек. Жұрттың жетістіктерін қызғанбаған адамға дүниеде де, ахиретте де мұның еш зияны болмайды, тіпті пайдасы болады. Көре алмайтын адамның өмірі күйінішпен өтеді. Қызғанып жүрген адамдарының жетістігін көрген сайын түңіле береді, ұйқысы қашады. Қызғаныштан құтылу үшін оған сыйлық беру керек, оған насихат айту, көмектесу, оны мақтау керек. Онымен қарапайым мәміледе болу керек. Оның ниғметтерінің көбеюі үшін дұға ету керек.