Мақала...

Жер-су атаулары (1)

  Қазақтар әрбір даладағы, қыраттағы, таудағы, өздері мекен еткен жерлердің әрбір иірімдерін жетік білген және барлығын ұмытпау үшін сөзбенен белгі салып отырған. Осы жер-су атауларының мағынасын білу – өзіміздің туған өлкені білу, өлкенің тарихын білу және өз ұлтыңның, ата-бабаларыңның тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, наным-сенімін, дүние танымын білу деген сөз.

  Шынында да атауда үлкен сыр, үлкен мағына жатыр. Тарихи атаулардың этимологиясы атты кітабымда осыны жазу барысында көп қызықты жайттарға тап болдым. Әсіресе жер-су атауларындағы ежелгі түркілердің үрім бұтағы болып табылатын қазақтардың дүние танымына қайран қаласың. Бұрыңғы бабаларымыз бір арнаулы оқу орнын бітірмесе де энциклопедиялық білімі болған.

  Мысалы Қарағанды облысында, Жезді ауданында Ағасық деген бір тау бар. Оның биіктігі 366 м. Осыны бұрынғы ғалымдар жазық, жайдақ асу деген мағына береді деп түсіндірген. Ал бұл меніңше дұрыс емес.

  Көне түркі тіліне жүгінсек, атау екі компоненттен тұрады. Бірінші компоненті – «ағы». Бұл қымбат қазына, сый деген мағынаны білдірген. Ал екінші компоненті «асық» сөзі «табыс, пайда» дегенді білдірген. Екеуі екі бөлек сөз. Екі сөз біріккен кезде «Ағы» деген сөздің соңындағы дауысты дыбыс, екінші сөздің басындағы дауысты дыбыстың әсерімен түсіп қалды. Сөйтті де «ағасық» болып қалыптасты. Ал мұндай атауды жергілікті тұрғындар неліктен берді? Қарағанды облысы, Жезді ауданы түсті металдарға өте бай өлке. Міне сондықтан ежелгі тұрғындар осы байлықты меңзеп, осындай байлықтың болғандығын көрсетіп таудың атауын осы ұғымды білдіретін қазына табысы, қымбат пайда деген сөзді атауға сыйғызып отыр.

  Көріп отырғанымыздай атаудың мағынасынан сол жердің жер бедерін ғана біліп қоймай сол жердің байлығын, географиясын, экономикасын, бүкіл тіршілігін, бүкіл байлығын білуге болады.

(жалғасы ертең)