Әдеп-ахлақ...

Әдептің маңызы

Әдеп – жақсы тәрбие, жақсы мәміле, көркем мінез, ұяттылық, нәзіктік, сыпайылық деген мағыналарға келеді.

Хадис шәрифте:

«Бала-шағаларыңды әдепті, тәрбиелі етіп өсіріңдер» делінген. Дініміздің негізі әдеп.

Тағы бір хадис шәрифте:

«Араларыңдағы ең жақсыларың – ең көркем мінезді болғандарың» делінді.

Хазреті Омар:

«Әдеп – ілімнен бұрын келеді» деген. Ол өте айбатты болуына қарамай, әдептілігінен, ұяттылығынан Расулуллаһтың жанында өте ақырын сөйлейтін еді. Пайғамбарымыздың өзі де өзге адамның жанында тізерлеп отыратын, ол адамға құрмет көрсету үшін мүбәрәк аяғын тік көтеріп отырмайтын еді.

Әбу Саид Худри хазреттері:

«Расулуллаһтың ұяты, бойдақ ислам қыздарының ұятынан да көп еді» дейтін.

Ибн Мүбәрәк хазреттері:

«Барлық ілімдерді білетін адамның әдебінде кемшілік бар болса, онымен көріспегеніме өкінбеймін, мұны өзіме зиян деп білмеймін. Бірақ әдепті адаммен көрісе алмасам өкінемін» дейтін.

Лұқман Хакімге «Әдепті кімнен үйрендіңіз?» деп сұрағанда, «Әдепсіздерден. Әдепсіздің тұрпайы әрекетінен бойымды аулақ салдым» деген екен.

Қарым-қатынас, жүріс-тұрыс, сөйлеу секілді барлық тұрғыдан әдепті болу керек. Ата-бабаларымыз үлкенге құрмет, кішіге ізетті дәріптеп өткен. Әсіресе ата-анаға, ұстазға деген әдепке барынша мән беру керек. Бала-шағаны да осындай ар-ұят, әдеп қағидаларына сай тәрбиелеу керек.