Сұхбат...

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінен үзінді:

Ардақты ағайын! Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады. Ал, ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың бірлігі. Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен өзімізге, қазаққа керек. Тарихтың өзі дәлелдеген бір ақиқат бар – халқымыз бірлікте болса күшейген, бірлігі қашса әлсіреген.

Қасқа жолды Қасым хан жұртын жұдырықтай жұмылдыра білгенінің арқасында қазіргі қазақ жерінің негізгі аумағын біріктірді. «Ел бірлігі – ел теңдігі» деген – осы!

«Қазақ ордасының Ликургы» – Әз Тәуке елін татулыққа ұйыта білгендіктен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатты. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген сөз сол заманнан қалған қағида.

Ел басына күн туған кезде барша қазақ Абылай ханның ақ туының астына жиналған соң ғана жерін жаудан тазарта алды. «Біріккен жүз бытыраңқы мыңды алады» деп бабаларымыз осыны айтқан. Қазақтың осынау 3 ханы – ел тарихындағы 3 асқар тау, оларды асқақтатқан – ел бірлігі. Сонымен бірге, алтыбақан алауыздықтың кесірінен еліміз аңырап, жеріміз қаңырап қалған кездер де аз емес. Бұл да – тарихтың ащы сабағы. «

Өткенге қарап, ертеңіңді түзе» деген өсиет бар, себебі, өткеннің өнегесі – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы. Осыны жадында тұтып, тарихтан тағылым ала білген халқымыз Тәуелсіздік дәуірінде татулық пен бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында талай табыстарға кенелуде.

Табысымызды еселеп, Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да бұзылмайтын берік ауызбіршілік керек. Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ. Ел мен жердің иесі ретінде Қазақстандағы жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты. Осы ұлы жауапкершілікті сезініп, барша ұлыстардың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсете білейік. Сонда ғана, халқымыздың атын иеленген қасиетті Қазақстанымыз көркейіп, дами береді. Еліміздің көңілі жайлы, тұрмысы майлы болады. Осыны үнемі есте тұтып, тың міндеттерді тындырымды жұмысқа ұластырайық! Іске сәт!