Сұхбат...

Харам мен күпірден аулақ болу үшін

Дін ғалымдары «Бүкіл жамандықтар мен төмендіктердің анасы - сауатсыздық» деген екен. Аллаһу та’ала қандай да бір құлының мәртебесін көтергісі келсе, оған пайдалы ғылым береді, яғни әр ғылымды әр адамға бере бермейді.

Аллаһу та’аланың төмен адамдарға бермейтін ғылымы – иман мен марифат ілімі, яғни Аллаһу та’аланы тану ілімі.

Ілім ең қайырлы нәрсе. Өйткені халал, харамды, яғни діннің үкімдерін үйренген адам, дінге қайшы іс-әрекет жасамайды. Ілім үйренген адам өзінің кемшіліктерін біліп, үйренген ілімі бойынша амал ететін болса нұр үстіне нұр. Ал сауатсыз адам білмегендіктен, ақ-қараны ажырата алмағандықтан кез келген сәтте күнәға, күпірлікке түсуі мүмкін.

Пайғамбарымыз:

«Бір сағат ғылым үйрену – жетпіс жылдық нәпіл ғибадаттан да қайырлы» деген.

Жүректің ризығы дін ғылымдары болып табылады. Адам діни кітап оқымайтын болса, жүрегі ризықсыз қалады. Адамда рухани ризық қалмаған жағдайда күнә істей бастайды. Күнә істеген сайын жүрегі қараяды. Жүрегі қарайған сайын күнә істеу қалыпты нәрседей көріне бастайды. Мұндай халге түскен адамның жүрегі өледі.

Хадис шәрифте:

«Кіші күнә істеуді жалғастыру үлкен күнәларға себепші болады. Үлкен күнәларды жалғастыру болса, күпірге себеп болады» делінген.

Күнә, күпірге түспеу үшін дінімізді жақсылап үйренуіміз керек. Ол үшін сенімді болған діни кітаптардан күніне бірнеше бет оқуды әдетке айналдыру қажет.