Әдеп-ахлақ...

Ғайбат

Ғайбат – адамның артынан жамандау деген сөз. Белгілі (танитын) бір мұсылманның айыбын, оны жамандау мақсатымен артынан сөйлеу ғайбат болады. Ғайбат ету харам болып табылады. Мәселен денесінде, тегінде, мінез-құлқында, жұмысында, сөзінде, дінінде, дүниесінде, киімінде, үйінде, тіпті жануарларында болған бір кемшілігі артынан айтылса, яғни ол адам бұны естіген жағдайда ренжитіндей сөз айтылған болса, ғайбат болады. Естігенде ренжитін сөзді бетіне айту да күнә болып табылады. Астарлап айту, ишарамен, әрекетпен білдіру, жазумен білдіру де сөзбен айту сияқты ғайбатқа жатады.

Бір мұсылманның күнәсі және кемшілігі айтылғанда «әлхамдулилләһ, біз ондай емеспіз» деу - ғайбаттың ең жаманы болып табылады. Біреу туралы айтылып жатқанда «әлхамдулиллаһ, Аллаһ бізді олай арсыз етпеді» деген сияқты сөздермен оны жамандау, өте жиіркенішті ғайбатқа жатады.

"Хужурат" сүресінің он екінші аятында: «Бір-бірлеріңді ғайбат етпеңдер!» деп бұйырылды.

Хадис шәрифтерде былай делінді:

«Ғайбат еткен адамның дұғасы қабыл болмайды» (Шира);

«Ғайбат еткен адам жәһаннамдық болады» (Исфахани);

«Бір жамағат ішінде болғаныңда бір адам туралы ғайбат айтылғанын көрсең, ол адам үшін көмекші бол. Және жамағатты да оны ғайбаттаудан қайтаруға тырыс немесе ол жерден тұрып кет» (И. Әбиддуния).

Бұзық, адасқан сенімдерді таратып, ашықша күнә істеуді әдетке айналдырып, мұсылмандарды дұрыс жолдан тайдыруға себепші болып жатқан адамды, оның зиянынан қорғанулары үшін мұсылмандарға айту ғайбат болмайды. Бірақ мұны да фитнаға себеп болмайтындай түрде айту керек. Ғайбаттаудың кәффараты өкініп, тәубе ету және ғайбаттаған адаммен халалдасу, разылығын алу. Кешірмесе оны мақтау керек, жақсы көретінін айтып, жалбарынып болса да көңілін алу керек. Өкінбестен халалдасу, рия болады, бөлек күнә болады. Өлген адамды және зимми кәпірді ғайбаттау да харам болып табылады.