Тарихи тұлғалар...

Шортанбай Қанайұлы

Шортанбай Қанайұлы – 1818 жылы қазіргі Жамбыл облысы Қаратау өңірінде дүниеге келген ақын, діни қайраткер. Мұсылмандық жолындағы оқудың нәтижесі оның қолын ишандық дәрежеге жеткізді. Бұл жолда қызмет атқару үшін Түркістаннан Арқаға, Қарқаралыға қарасты Бесата жайлаған Жамантай төренің мекеніне қоныс аударды. Одан кейін Ақсу-Аюлы бойын қоныстанған Жанғұтты бидің қарамағанан шағын мешіт салдырып, медресе ашады.

Шортанбай халықтың мұң-мұқтажын толғады. Ресей отаршылдығының зорлығын көзімен көріп, жанымен, тәнімен сезінген ақын өзінің “Зар заман”, “Бала зары”, “Тар заман”, “Опасыз жалған”, т.б. толғаулары арқылы ақиқаттың астарын ашып көрсетті. Ел ішіндегі әр түрлі жетесіздіктерге, талан-таражға, опасыздыққа қарсы шықты. Әуелі өз елінің мінезін, мінін түзетпек болды. Жігерін оятып, тәуелсіздігі үшін аянбай күресуге шақырды. Отаршылар мен оның қазақ жеріндегі сыбайластары билеген заманды жұрт болашағын тұйыққа тіреген зар заман деп өзінше қорытты.

Ақын өсиеттерінде елдің бас көтерген адамдарын тәубаға шақырып, мал, дүние үшін қор болмай, халық үшін, бір құдай үшін қызмет етуін тілейді. Ізгілік, әділет жолынан тайынбай іс қылып, саналы, салихалы өмір кешуін уағыздайды. Ақырет жолы мен адамгершілік, әділет жолдарын тең ұстап, ешкімге обал, қиянат жасамай, тек қана ізгілік жасап өткенін тілейді. Талапты жас, ең алдымен оқуға әуес болуы, өнер, білім тек оқумен келетінін айтады. Ақын 1881 жылы қазіргі Қарағанды мен Жезқазған облыстарына қарасты Шет ауданында қайтыс болды. Ол - өлерде үстіне ескерткіш орнатпауды, үлкен ас бермеуді тапсырып, оған шыққан шығындарды елдегі жоқ-жітік, кемтарларға үлестіруді өсиет еткен.