Ғибрат...

Шынайы достар

Мәшһүр хадис ғалымы Уақиди «рахметуллаһи алейһтың» айтып бергені:

«Біршама уақыт ақшасыз қалып, қатты қарызданған кезім болатын. Айт мейрамы да жақындаған еді. Әйелім маған:

«Біз жоқшылыққа сабыр етерміз. Бірақ мына бала-шағаның жағдайы не болмақ? Олар көршілердің балаларының жаңа, сәнді киінгенін көреді ғой. Ал біздің балалардың барлық киімдері жыртық, жамаулы, тозығы жетіп тұр. Оларға киім әперудің жағдайын қарап көре алмайсыз ба?!» деп мұңын шертті. Үйден шығып Хашими атты досыма бардым. Жағдайды түсіндіріп көмектесуін сұрадым. Ол ішінде 1 дирхам ақшасы бар сырты мөрлі қалташықты берді. Алғысымды айтып үйге келе жатқанымда алдымнан бір досым шықты. Ол да маған жағдайын айтып шұғыл түрде ақша қажет екендігін айтты. Мен қолымдағы мөрлі қалташықты оған бердім. Әйелімнің бетіне қарауға ұялғандықтан ол түні мешітте түнедім. Ертеңіне үйге келгенімде болғандарды әйеліме айтып едім, ол мұны жылы қабылдады, мені жазғырмады. Сәлден соң досым Хашими келді. Менен:

«Шыныңды айтшы, кешегі ақшаны не істедің?» деп сұрады. Мен болғандарды айтқанымда, ол да қалтасынан мөрлі қалташықты шығарып, өз басынан өткендерді айтты:

«Сен менен көмек сұрағаныңда менде де мынадан басқа ақша жоқ болатын. Менің де қажеттіліктерім бар еді. Сен кеткеннен кейін қарызға ақша табу үшін сыртқа шықтым. Шыға берісте бір досыммен кездестім. Оған жағдайымды айтып қарыз сұрап едім осы қалташықты берді» дейді. Осылайша ақша үш қолды айналып алғашқы иесіне қайтқан екен. Бұл хабар халифа Мәмунға жеткенде мені шақыртып болғандарды өз аузымнан тыңдады. Маған жеті мың динар беріп үш досқа 2 мыңнан, үйдегі жұбайым үшін мың динар үлестіргендігін айтты.