Тарих...

Түркістан қаласы

Түркістан – V-VІ ғасырларда іргетасы қаланған. Есім ханнан бастау алып, XІV-ХVIIІ ғасырларда қазақ хандығының астанасы болған. Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. ХІV ғасырда Ақсақ Темір іргетасын қалаған Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бар. Бұл қалада Қожа Ахмет Яссауи өзінің уағызшылық қызметін жүргізген. Кесене аумағында Қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр тағы басқалар жерленген.

Қаланың іргетасы біздің заманымыздың 1-мыңжылдықтың бас кезінде каланған. Археологтар Түркістан қаласының тарихы тереңде жатқанын дәлелдеп отыр. Түркістан қаласының айналасындағы аймақта тас дәуірі ескерткіштері — Шоқтас, Қошқорған бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді.

Біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдықтан Түркістан қаласы төңірегінде Қазақстанның басқа да өңіріндегідей Андронов мәдениетін жасаушылар тұрған.

Түркістанның ежелгі аты — Яссы. Қожа Ахмет Яссауи осында келіп қоныс тепкен кезде қала атақ-даңққа бөленді. Қожа Ахмет Яссауи қайтыс болғаннан кейін оның қабірі басына мазар тұрғызылды. Қаланың Ұлы Жібек жолының бойында, Дешті Қыпшақ пен Орта Азияның аралығында болуы, географиялық жағдайдың қолайлылығы, сонымен бірге адамдардың мазарға зиярат етуі, сауданың қызу жүруі елді мекеннің өркендеуіне ықпал етті. Яссы атауы 14 ғасырдан бастап тарихи шығармалардың беттерінде жиі көріне бастады.

Шараф әд-Дин Әли Йездидің хабарларына қарағанда: 1388 жылы Яссыны Тоқтамыстың әскерлері талқандап, түрік тайпаларының қасиетті мекеніне айналған Қожа Ахмет Яссауи мазарын тонайды. Әмір Темір Тоқтамысты талқандағаннан кейін жаулап алған олжаның бір бөлігін Қожа Ахмет Яссауи кесенесін салуға жұмсайды.

2000 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Түркістан каласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтті. Былтырдан бастап Түркістан облысының әкімшілік орталығы атанды.