Тарих...

Әл-Қарауин Университеті (1)

Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең көне университет ретінде кірген Әл-Қарауин университеті Марокконың Фес қаласында орналасқан. Әл-Қарауин университінің негізін 859 жылы Қайруан қаласында тұратын көпестің Фатима мен Мириам әл-Фихри есімді қыздары қалаған. Апалы-сіңілі қыздарға әкесінен көп мұра қалған. Олар бұл ақшаға мешіт салып, оның жанынан медресе ашады. Айта кетейік, бұл әлемдегі көне құрылыстардың бірі. Мешіт жергілікті халық баратын негізгі орындардың бірі болғаннан кейін, оның үстіне Марокко сұлтандарының қолдауына ие болған Әл-Қарауин университеті жылдам дами бастады. Сондай-ақ, бұл жерде студенттерге грамматика негіздері, шешендік өнер, логика, медицина, математика, астрономия, химия, тарих және география сияқты пәндер бойынша ілім үйретілді. Ал оның кітапханасында құнды қолжазбалар сақталды. Құнды жазбалардың арасында атақты имам Мәлик бин Әнастың «Әл-Муаттасы», Сират ибн Исхақтың пергаментте жазылған ғазалдары, сұлтан Ахмед Әл-Мансұрдың сыйға тартқан Құран көшірмесі және Мұхаммед Ибн Халдунның кітабының өте ерекше көшірмесі бар.

Білім мен ғылымның ордасына айналған Әл-Қарауин көне мұсылман әлемінің рухани және білім беру ордасына айналды. Оқу орнынан мұсылман әлемінің, жалпы мәдениетінің дамуына үлес қосқан көптеген ықпалды ғалымдар мен діндарлар түлеп ұшты. Олардың арасында ислам заң ғылымдарының негізін қалаушы Әбу Имран әл-Фарси, танымал араб географы және жиһангезі Йуханна Лиун әл-Ифриқи бар. Бұдан бөлек университетте христиан дінін ұстанатын ғалымдар, атап айтсақ фламанд филологы, жиһангез Николя Кленард, голланд шығыстанушысы, математик Яков ванн Гол, Рим папасы Сильвестр II білім алған.

Жалғасы ертең.