Сұхбат...

Туыстарға қамқор болу

 

   Сыла-и рахим – туыстардан хабар алу, қонаққа бару, оларға көмектесу, қамқор болу деген сөз. Сыла-и рахим ету, яғни ата-ана, бауыр, туыстармен араласу, оларды зиярат ету Аллаһу та’аланың әмірі. Туыстармен араны үзу үлкен күнә болады. Ең болмағанда сәлем айтқызып, хат жолдап, телефонмен хабарласу арқылы бұл күнәдан құтылу керек. Оларға қолдан келгенше жақсылық жасау, қуанышына, қайғысына ортақ болу, ауруларының көңілін сұрау, мұқтаждарына көмектесу де сыла-и рахим болып табылады. Сәлем айтып жіберудің, хабарласудың, сөзбен немесе қаржылай көмектесудің белгілі мөлшері, уақыты жоқ. Әркім қолдан келгенше, мүмкіндігінше жасайды. Аллаһу та’аланың разылығы үшін сыла-и рахим еткендердің, яғни туыстарын зиярат ететіндердің өмірі ұзақ болады, мал-мүлкі көбейеді, тұрмыс-тіршілігі жеңілдейді. Сүйікті пайғамбарымыз былай деген: 

   «Ризығының мол, өмірінің ұзақ болуын қалаған адам сыла-и рахим етсін!» (Бұхари) 

   «Сыла-и рахим – мал-мүлікті арттырады, жанұяда махаббатты арттырады және өмірді ұзартады». (Табарани) 

   «Сыла-и рахим – өзі іздемейтін туысқанды тауып, зиярат ету және жақсылық жасау деген сөз». (Тирмизи)

   «Сені зиярат етпегенді сен зиярат ет! Саған сыйлық бермегенге сен сыйлық жаса!» (Бұхари) 

   «Мешіттер – Аллаһтың үйлері, ал мүминдер – Аллаһтың зияратшылары. Зияратшысына сый-сияпат көрсету, үй иесінің мойнына міндет болады». (Хаким)

   «Мына бес нәрсенің жазасы бірден байқалады: патшаға қарсы шығу, зұлымдық жасау, ата-анаға дұшпан болу, туысқандармен қарым-қатынасты үзу, жақсылыққа шүкір етпеу». (Ибн Лал)