Күннің тарихы...

Әбдіғаппар Жанбосынұлы

 

   Әбдіғаппар Жанбосынұлы - (1870; бұрынғы Торғай облысы Торғай у. Қараторғай облысы – 21.11.1919, сонда) қазақ халқының – 1916- 17 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыстың Торғай даласындағы басшысы. Тілеулі батырдың ұрпағы. Арғы атасы Нияз би – Абылай ханның сенімді серігі, әкесі Жанбосын (1847 - 95) көп жылдар болыс болған. Анасы - Алуа Ақтасқызы (1840 - 1934) (Ақтас – Ахмет Байтұрсынұлының әкесінің ағасы). Әбдіғапар ауылында бастауыш мектеп ашқан. Ағаштан ою ойған шебер болған, суармалы егіншілікпен айналысқан, ақыл-парасатымен ел ағасы атанған. 1916 жылдың жазында Қараторғай болысының, кейін бүкіл Торғай уезінің көтерілісшілері Әбдіғапар маңына топтасты. Сол жылғы 21 қарашада Жалдама өзені бойында 13 болыс ел өкілдерінің құрылтайы Әбдіғапарды хан көтеріп, Кенесары қолбасшыларының бірі Иман батырдың немересі Амангелдіні Сардарбек етіп сайлады. Әбдіғапар ел билігін соғыс жағдайына бейімделген дала демократиясы негізінде қайта құрды. Ол өзі басқарған Торғай елін бүкіл қазақтың тәуелсіз мемлекеті құрылғанға дейін метрополияның билігін мойындамайтын, жаугершілік заманда уақытша өмір сүруге құқылы автономиялық аймақ деп санады. Әскерлер ежелгі шығыс дәстүрімен ондық, жүздік, мыңдықтарға жіктелді. Әбдіғапар жасақтаған әскери құрылым империяның қарулы күштеріне аса тегеурінді қарсылық көрсетті. Сөйтіп Торғай өлкесі Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың ең ірі орталығына айналды. Әбдіғапар Кеңестердің Торғай облысы І-съезіне (Орынбор, 1918 ж. наурыз) қатысып, кейін Кеңес өкіметінің саясатын жүргізуден бас тартты. Қызыләскерлер қолынан Зәуре қаласында қаза тапты. Ұрпақтары “хан тұқымы” ретінде аяусыз қуғынға ұшырады.